Главная » 2015 » Октябрь » 2 » asdf
22:18
asdf

«Қазақ халқының салт-дәстүрі» дегенде бірден ойымызға кең далаға қоныс тепкен, жазы жайлауда, қысы қыстауда табиғатпен біте-қайнасқан рулар мен ұлыстардың өмір сүру мәдениеті келеді. Иә, жап-жасыл кең дала, бір-бірімен таласа өскен изен, жарыса бой көтерген жусан, жас бетеге иістері де күншуақты салқын сәскенің қош лебіндей. Шырылдап ұшқан бозторғай, жақын сайлардан анда-санда үн қатқан көкектің нәзік үні тау-тасқа паш етіп жатқандай. Кейде жақын жердегі кең жайылым «Қорықтан» адырға қарай шеттей ұшқан бір топ үйректің сыпсың қанат қағыстары естіледі. Кең көгалға жайыла қонған ақ үйлі бай ауылмен қатар, біраз бұрын ғана қоныстанған кедейдің жыртық, жамау үйлері де көрінуде. Жайлауда мал жайған ағалар, шалғайда қырман суырған көкелер, ал үйлердің маңында түтінін бұрқыратып самаурын қойған жеңгелер, оған қоса қазанда қайнаған ет, бесіктегі емізулі бала, үй маңындағы сайда асыр салып жүгірген жас қозыларға көз сала отырып, кереге киізі көтерілген үйде, түскі асқа отағасын күту үстіндегі бейне елестейді. Иә, есігі түрулі, түңлігі айқара ашылған алты қанатты кең киіз үйде немерелеріне ертегі айтып отырған Зере сияқты әжелер, бір бұрышта биік төсек жанында дөңгелек үстелге шынтақтап отырып кітапқа үңілген Абай атамыздай ағалар да осындайда еске түседі. Кең сайда ат шаптырып үйір-үйір жылқыларды қайырып жүрген Оспан сияқты үлкен ағаның інілері де көз алдымызға келіп тұрады.
Осы бейнелермен мақаламыздың не-гізгі тақырыбына жол тартатын болсақ, қолымыздағы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» атты еңбегіне көңіл бөлмей кетуге болмас. Жазушы бұл туындысында біздерге қаймағы бұзыла қоймаған қазақ халқының өмір сүру салтын, діні мен ділін, қоғамының рухын ашық баяндауда.
Аталарымыздың Ислам дінін берік ұстанғанын тарихтан жақсы білеміз. Сөзіміз дәлелді болуы үшін, қазақтың салт-дәстүрлері қазақты осы күнге дейін Ислам дінінен алыстатпай алып келгендігін «Абай жолы» романынан іздеуге тырыстық.
Тақырыбымызға кірпес бұрын, араб тіліндегі «ғұрып» сөзінің тілдік және терминдік мағыналарына, сонымен қатар шариғаттағы орнына тоқталуды жөн көріп отырмыз.
Әдет-ғұрыптың тілдік мағынасы: (عَرَفَ يَعْرِفُ) сабақты етістігінен жасалған есім сөз (العُرْف) ұғымы лексикада және қазақ халқының дәстүрлі мәдениетіне қатысты терминдік жүйеде бізге араб тілінен енген «ғұрып, әдет-ғұрып» сөздерінің баламасы. Яғни: «Адамдардың өз әдеттерінде, қарым-қатынастарында көріп-білген нәрсесі».
Терминдік мағынасы: «Ол әрдайым қайталануы себепті адамдардың арасында бекітілген, әдетке айналып, орныққан және ақылды адамдар тарапынан қабылданған дағды».
Әдет-ғұрыптың шариғи үкімдерде де дәлел болатынын айта кеткен жөн. Әсіресе, Әбу Ханифа мәзһабының «Усулы фиқһ» ілімінің негізгі қағидаларының бірі болып табылады. Оған дәлел:Құран Кәрімде: «Ғафу жолын ұста, ғұрыппен әмір ет және надандардан теріс айнал».1 Ибн Масғудтан (р.а.) риуаят етілген хадис бойынша: Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мұсылмандар жақсы деп санаған нәрсе, Алланың алдында жақсы, мұсылмандардың жаман деп білгені Алланың алдында жаман»2, – дейді. Бұл жерде әдет-ғұрыптың дәлел болатындығы айтылған,3 дегенмен әдет-ғұрыптың дәлел болуы үшін мына шарттар керек:
– Құраннан немесе сүннеттен оған қарама-қайшы болатын шариғи дәлелдің болмауы;
– әдет-ғұрып күмәнсіз, бұлтартпас дәлелге қарсы келмеуі керек, егер қайшы келсе, шариғи тұрғыдан дұрыс емес, батыл ғұрып болып саналады.4
«Абай жолы» эпопеясында Ислам дінінің көрініс табуы
Бірінші көрініс: Кітаптың бірінші томы жас Абайдың қаладан қайтуымен басталады. Иә, қаладағы медресесін тәмамдап үйіне оралған жас Абайды қарсы алып тұрған әкесінің сөздерін кітап тілінен тыңдайық: «Балам, бойың өсіп, ер жетіп қалыпсың-ау!», – деді. Жас Абайдың жауабы: «Шүкіршілік, әке… қазіреттің рұқсатын, Фатихасын алып қайттым», – деді. Бұл жерде: ақылы кірген жас балаға діни ілімдерді үйретудегі көрініс. Ол кездегі дәстүр бойынша балаға Құдайын, өзін, дінін үйрету бірінші мәселе екенін бейнелеуде. Негізін Ислам дінінен алған аталарымыз мына хадиске жүгінсе керек: «Балаларыңа үш нәрсені үйретіңдер! Пайғамбарларыңды сүюді және Оның отбасын, Құран оқуды, расында Құран білетін адам қиямет күні пайғамбарлармен және асфиялармен бірге болады»5.
Жалғасында байқағанымыз, діннің тек негіздерін ғана емес, одан әрі тереңірек оқытатынын да көруге болады. Жас Абай әжесі Зеремен сәлемдесіп болған соң құ-лағына сыбырлап оқыған өлеңнің қайдан алғанын кітап баяндауда: «Бұл өзінің биыл осы көктемде Науаи, Физулиді оқып жүріп жазған өлеңі болатын»6.
Екінші көрініс: Бірінші көріністің тағы бір сыры. Абайды медреседен алып келуге жіберілген Байтас пен Жұмабайдың екінші міндеті қаладағы Ахмед Рыза молдадан ауылдағы болған оқиғаға7 байланысты пәтуа8 сұрап қайтуы болатын.
Бұл оқиғаның біздің түйетініміз: ол кезде Ислам діні өмір сүрудің өлшемі, заңы еді. Сондықтан да, сол кездің адамдары тығырыққа тірелген әрбір істерінде та-былмай жүрген мәселелерінің шешімін дін ғалымдарынан сұрайтын, солардың ақыл-кеңесіне жүгінетін.
Үшінші көрініс: Жас Абайдың үйленуі. Қалыңдықты он алты жастағы Абай емес, әкесі Құнанбай таңдап, сол кездегі атақты билердің бірі Алшынбаймен құдаласады. Дінімізде үйлендірмек болған ұлымыз немесе тұрмысқа бермек болған қызымыз жас болса, яғни балиғат жасына жаңа толып, жақсы-жаманды әлі толықтай ажырата алмаса (Ханафи мәзһабында) әке-шешелері үйлендірулеріне болады9.
Төртінші көрініс: Бұл көріністен қазіргі таңда елімізде кеңінен жайылған дәстүрімізді ашық көре аламыз. Зере әжеміз дүние салғанда, Абай атамыздың ең бірінші жасаған ісі кітапта былай баяндалады: «Зере әжесін қойып қайтқан күні кешке, әжесінің төсегіне отырып алып, Құран аударуға кірісті. Анасының аруағына арнайтын дағдылы Құран хатымды молдаға оқытпай, өзі оқитын болды. Бір жұма бойы сол Құранды екі аударып шықты. Бір ас үстінде әкесі Құнекең Абайға:
– Жай аударады екенсің! – деп еді, Абай жауап қатқан жоқ.
Абай әжесіне сауабы мол болсын деп, Құранды өзгеше ықыласпен, асықпай, соншалық мүлгіп, мінәжат қып оқиды. Құранның кейбір парасының үстіне ұзақ отырып қап, жалғыз, жасырын ойлар да ойлайды».
Бұл дәстүрді біздің аталарымыздың сонау замандардан бері үзбей жасап келе жатқанын көреміз. Иә, қазіргі таңда кең таралған салт-дәстүріміздің бірі осы болса керек. Дүниеден өткен марқұмдарға Құран оқып, оны бағыштау. Әрбір жиын, кішігірім мәжілістер, тіпті шағын ғана жанұялық басқосуларда Құраннан бір сүре немесе бірнеше аяттар оқылып, дүниеден өткендерімізге бағышталып жатады. Халқы-мыз мұның негізін Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына хадисінен алса керек: «Адам дүниеден өткенде үш нәрсенің сыртында бүкіл амалы кесіледі, ашық садақа (салдырған мешіт, көпір), адамдар пайдалансын деп қалдырған ілім (шәкірт, кітап), артынан дұға жасайтын жақсы ұрпақ»10.
Жоғарыдағы оқиғаның екінші бейнесі. Абай атамыздың Құранды асықпай оқуының сыры «өзгеше ықылас» екені баяндалуда. Осыған ұқсас әл-Әзһар университетінің докторы Д. Мұхаммад әл-Жунди ұстазымнан естіген бір сөзді де келтіре кетсем: «Дүниеден өткен ата-анасы немесе қандай да бір туысқаны болсын Құран бағыштағысы келсе, Құран оқуды білген жағдайда өзі оқығаны абзал, өйткені басқалар қаншалықты ықыласпен оқитыны белгісіз».
Бесінші көрініс: Құнекеңнің қажылық сапарына аттануы және Абай атамыздың қажыларға кітаптан жол қарастыруы. Бес парыздың бірі болған қажылықтың шарттарының бірі – ақшалай қаражаттың болуы. Ол кездері қалталы болғандардың кез келгені қазіргідей қажылыққа бара бермей-тін, оның себебі жолдың қиындығында, қайта оралу-оралмаулары екіталайлығында болса керек. Өйткені қазіргідей ұшақ, тікұшақ, пойыз немесе автобус дегендей көліктер жоқ, бар сүйенетіндері астарындағы аты мен түйесі ғана. Оған қоса сенімді жолдас пен жол көрсететін адамың болуы қажет. Жазушы М.Әуезов қажылық оқиғасына «Абай жолының» екінші томының басында кеңірек тоқталған. Бұл қажылық сапарының қиындығына қарамастан ол қоғамдағы адамдардың Ислам дініне қаншалықты берік болғанын түсінеміз.
Алтыншы көрініс: Соңғы көрінісіміз нағыз мұсылман қоғамын бейнелемек. Әкесіне барып қайтқан Оспан арада болған оқиғаны Абай ағасына былай әңгімелейді: «Бүгін әкемнің алдына барып қалып едім. «Аузың ораза ма? Бес уақыт намаз оқимысың? Мұсылмандық парызын атқарамысың?», – деп, дәл бір Мүңкәр-Нәкірдей тергеуге алғаны». Әкесінен қорыққан жас баланың жауабы: (жоқ десем). «Шатақ шығатын. Сонан соң қайтейін?! Амал жоқ, дәретсіз намаз да оқыдым. Өтірік ораза да болдым. Бүйте берсе, шындығына біржолата көзін жеткізейін деп, өзімен бірге ауыз да аштым11. Жаңа ауыз ашарға істеген барлық ыстық тамағын сыпырып-сиырып жеп, үйге қайтып келдім».
Бұл жерде баласын қаншалықты Алланың әмірлерін ақсатпай орындауда екенін білгісі келген әке мен бала арасында әңгіме және ерке әрі жас Оспанның әкесіне шынын айтуға бата алмай өтірік айтқаны баяндалуда.
Иә, жас баланың аты жас бала, ер жетіп ақыл тоқтатқанға дейін оған айтылған дүниенің айтылған жерінде қалатыны да рас.
Ислам дінінің басқа салаларға әсері
Ислам діні қазақ халқының әдет-ғұрпы-мен ғана емес, өмір сүру салтымен де біте-қайнасып, араласып кеткен. Оған да мысал болатын дәлелдер аз емес.
Тілімізде: Қазақ тілінде араб тілінен енген сөздер өте көп. Бұл сөздерді біз Ислам дінін өзгелерге үйрету мақсатымен келген арабтардан үйрендік. Мысалы:
Есімдерімізде: Рамазан. Әбдіразақ. Махмұт. Әділ. Әбдіғаппар. Абдулла, т.б.
Білім саласында: қалам, дәптер, кітап, мектеп, мұғалім, ұстаз, хикмет, пән, т.б.
Мәдениет саласында: әкім, үкімет, қазы, пайыз, әділет, тәрбие, үкім, сәлем, т.б.
Дін саласында: рамазан айы, (оразасы) таспих, ғұсыл, таямум, тәкбір, тәкаппар, мінажат, жамағат, құрбан, ғайбат, мәсі, т.б.
Жалпы: уәде, аса (таяқ), медет, апат, есеп, лайық, т.б.
Әдебиет саласы: Әдебиетіміз араб сөздерімен бірге араб немесе Ислам ілімдерінен де көп пайдаланған. Ислами құндылықтарды баяндауда қазақ әдебиетінің әдісін қолдана отырып, аталарымыз Құран аяттарын, хадистерді өлең шумақтарымен жеткізген. Тіпті ғылымқал кітаптарын да12 әдеби әдіспен жазғандарын қазіргі күні оқып жүрміз. Сол еңбектердің бірі – Абай атамыздың «Қара сөздері». Абай атамыздың «Қара сөзінде» тұнып тұрған ислами ілімдермен қатар қазіргі таңда аудара алмай жүрген кейбір терминдеріміздің қазақша аудармасын табуға болады. Аздап ішіндегі ілімдерге тоқталатын болсақ, мыналарды айтуға болады: Он екінші сөз: жалпы Ислам жайлы. Он үшінші сөз: яқини иман және тақлиди иман. Он алтыншы сөз: рия және оның зарарлары жайлы. Жиырма бесінші сөз: ілімге, тіл үйренуге ынталандырады. Жиырма сегізінші сөз: тағдыр жайлы. Отыз екінші сөз: білім үйренудегі алты себепті баяндайды. Отыз төртінші сөз: дүние және ақырет өмірі жайында сөз етеді. Отыз бес және отыз алты: Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінің шархы.13Отыз сегіз: ақида дәрісі, т.б.
Қорытынды
Қарусыз бейбітшілікпен һижри14 жыл санағы бойынша 96 жылы қазақ даласына аяқ басып келген Ислам дініне қазақ халқы өз еркімен мәжбүрсіз толық кіргенін ашық айта аламыз. Сол уақыттан бері Ислам дінін берік ұстанған ата-бабаларымыздың өмірлеріне Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» атты еңбегі арқылы көз жүгіртуге тырысып көрдік. Ата-бабаларымыздың атымен ғана емес, затымен де мұсылман болғандығына бұл эпопея жақсы дәлел. Осыған қарамас-тан мойындамайтындар бар (Ондайлар әр-дайым болған). Біз ол сияқты кей кертартпа бауырларымыздың іс-әрекеттеріне қарап, алға қойған мақсаттарымыздан бас тарту туралы ешқашан ойламауға тиіспіз.

Сілтемелер:
1 «Ағраф» сүресі, 199-аят.
2 Ахмад, Әбу Дәуіт.
3 Толығырақ қараңыз;«Дін мен Дәстүр», 1-кітап.
4 Ескере кететін жәйіт: Әдет және ғұрып сөздерінің мағынасы бір десе болады. Кейбір шариғат кітаптарында «урф» сөзін қолданса, енді біреулері «әдет» сөзіне басымдық берілген.
5 Табарани, Ширази.
6 «Абай жолы»,1-том..
7 Зина оқиғасына «Рәжім» пәтуасы.
8 «Пәтуа» – белгілі бір мәселенің діни үкімі
9 Тақырыпқа кеңірек қараңыз! Имам Сарахсидің «Мабсуты» (кішкентай ұл қызды үйлендіру бабы).
10 Мүслім.
11 Нәпіл ораза болса керек.
12 Ш. Құдайбердіұлы. «Мұсыл-мандық шарты».
13«Шархы» түсінігі.
14Ай күнтізбесі.
Жәнен ӘДІЛ,
«Нұр Мүбарак» университетінің түлегі,
«Дін мен дәстүр» бәйгесінің ІІ орын иегері

Просмотров: 2501 | Добавил: Sm1r3 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0